Педагогтер білімін жетілдіру
Бөбекжайда педагогтердің білімін көтеру, өз білімін жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін арттыру, жаңаша бағыттармен жаңалықтардан хабардар ету, жаңа технологияларды меңгеруге көмектесу мақсатында педагогтермен бөбекжайымызда әр түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады. Міне осындай шаралардың қатарына: «Ойындар алаңы», «Педагогикалық шығармашылық», «Аттестациялау ережесіндегі өзгерістер», «Жағдаяттар әлемі», «Жаңа технологиямен бірге!» «Лего құрастыру технологиясы» т.б. тақырыпта шаралар өткізіліп отырды.
«Ертегілер апталығы»
Ертегі балалардың ой — өрісін, дүние танымын кеңейтеді. Оларды адамгершілікке, еңбекке, тапқырлыққа, сезімге баулу, сүйіспеншілікке тәрбиелеуде ерекше орын алады. Жауыздық, зұлымдық жасаушылар, ел арасындағы алаяқ қулар т. б. халық ертегілерінде жиіркенішті кейіпкерлерде кездеседі. Оларға халық арасынан шыққан қарапайым адамның ақылы мен қайратын, көпшілік үшін жасаған адал еңбегін қарама — қарсы қояды да, үлгі етеді. Міне осындай тәрбиелік мәні зор әлемге арналған бөбекжайымызда ертегілер апталығы ұйымдастырылды. Сахналық қойымдар арқылы ертегі мазмұнын баланың санасына сіңіру, түсіндіру, шығармашылықпен әрекет ету мақсатында ұйымдастырылған бұл шара жақсы деңгейде өтті.
«Біздің кітапхана»
Мектеп жасына дейінгі балалардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын қалыптастыруда, кітапқа ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуде кітап бұрышының алатын орны зор. Бұл бала өз талғамына сай кітапты таңдай алатын және оны сабырмен қарап, «қайта оқитын» ерекше, тыныш, ыңғайлы, эстетикалық жобаланған, арнайы бөлінген орын.Бөбекжайда барлық топтарда кітапхана бұрыштары бар. Сонымен қатар мобильді кітапхана ашылып, балалар тәрбиешінің ұйымдастыруымен кез келген уақытта баруға мүмкіндіктері бар. Мұнда баланың көркем шығарма – кітап және иллюстрациялармен жеке таныса алады және де журналдар мен альбомдарды қарап тамашалауға жағыдай жасалған.
Театрмен біргеміз
Бөбекжайымыз облыстық қуыршақ театрымен сабақтастықта, бірлесе жұмыс жасайды. Бөбекжайымызға театрлық қойлымдар, интермедия, спектакльдермен облыстық қуыршақ театрының әртістері қонақта болды.
-«Көңілді Сайқымазақ»
-«Дос болайық»
-«Қадырдың бақыты»
—«Амал келді, жыл келді»
— «Балаларға базарлық» атты қойылымдарымен келіп бүлдіршіндерді қуантты. Балалар жақсы көңіл күймен қарсы алып, әрбір кейіпкердің шеберлігінің арқасында үлкен қызығушылықпен тамашалады. Қойылым арасында әртістермен бірге балалардың көңіл күйлерін көтеретін эстафеталық жарыстар, жаттығулар мен биге де уақыт бөлінді.Балаларға жақсы көңіл күй сыйлай білген облыстық қуыршақ театрының ұжымына алғыс айтамыз.
Сюжеттік-рөлдік ойындар
Сюжеттік-рөлдік ойын – баланың интеллектуалды дамуының құралы және ересек өмірге дайындайтын тәсіл. Бөбекжайымызда әр жас ерекшеліктеріне сай сюжеттік –рөлдік ойындар бұрышы бар. Балалардың көпшілігі ойын барысында ересектердің еңбегін көрсетеді: балалар тәрбиешіге, дәрігерге, жүргізушіге, ұшқышқа, өрт сөндірушіге еліктейді. Ойын балалардың әртүрлі мамандықтарға деген қызығушылығын нығайтады және тереңдетеді, еңбекке деген құрмет тәрбиеленеді. Сюжеттік-рөлдік ойынды функционалды тұрғыдан баланы әртүрлі әлеуметтік рөлдерде қоғамдық өмірге қатысуға дайындау ретінде қарастыруға болады.
Табиғаттағы еңбек
Бөбекжайда барлық топтарда табиғат бұрышы жасақталған. Балалармен еңбектің түрлі формалары ұйымдастырылып отырады. Кезекшілік, ұжымдық еңбек, тапсырма беру сияқты еңбекке баулудың түрлі формаларын педагогтеріміз қолданып келеді.
Балаларға өз бетінше бөлме өсімдіктерін суару, жапырақтардың шаңын сүрту, көкөністер отырғызу, көшеттер отырғызу, еңбек құралдарын таза ұстауға үйрету жұмыстары жүргізіліп отырады. Сонымен қатар балалар табиғатта ауладағы гүлдерді суару, гүлзарлар мен бақшада еңбектің алғашқы дағдыларын қалыптастыру мақсатында еңбекке баулу жұмысы жүргізілуде.